13.02.2024 _ 16:20

Киіктердің санын реттеу бойынша жұмыстар тоқтатылды

Бүгінгі таңда киік Қазақстанда тұяқты жануарлардың ең кең тараған түрі болып табылады. Еліміздегі барлық басқа тұяқты жануарлардың жалпы саны 200 мыңнан аспайды. Мысалы, тұяқты жануарлардың киіктен кейінгі саны бойынша екінші түрі - еліктің саны 95,5 мың басты құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. Данияр Тұрғамбаев хабарлады.

«Аңшылық шаруашылығы субъектілерінің жыл сайын аң аулау объектісі болып табылатын тұяқты жануарлар түрлерінің санынан осы жануарлардың популяциясына болмашы зиян келтірмей, тіркелген санының 40% дейін бөлігі алынады. Бұл ретте киік ресурстарының кәсіпшілік игеру тетіктерін анықтау үшін шектеулі реттеуді «Охотзоопром» РМҚК мамандарымен эксперименттік негізде жүргізу ұсынылады. Барлық реттеу кезеңінде табиғаттан алынған киіктердің жалпы саны 42 мыңнан асты», – деді спикер

Бүгінгі күні Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының, xалықаралық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, Министрлік осы жылдың 10 ақпанынан бастап киіктердің санын реттеу бойынша жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылдады. Ведомство жергілікті xалықтың өз қажеттіліктері үшін жиналған өнімді жеке тұтынуды қанағаттандыру мақсатында 2024 жылдан бастап киікке әуесқой аңшылық ашу мәселесін қарастыруда. 

Айта кету керек, әуесқойлық аңшылық саласындағы қолданыстағы 5 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен және қоғаммен талқыланып, қабылданатын болады.