19.02.2024 _ 08:29

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Жапонияның Нагоя университеті медициналық кадрларды даярлау туралы келісті

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде Нагоя университетінің (Жапония) профессоры Эйко Ямамото ханыммен өткен кездесу  шеңберінде денсаулық сақтау жүйесі үшін кадрлық әлеуетті арттыру және медициналық білім беру саласындағы әріптестікті кеңейту саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Жапониямен, Сіздің еліңіздің Қазақстандағы елшілігімен бұрыннан келе жатқан достық қарым-қатынастарды ескере отырып, біз прогрессивті тәжірибеңіз бен біліміңізді қабылдау үшін жас дәрігерлерді, жаңа формациядағы денсаулық сақтау менеджерлерін даярлау ісінде әріптестіктің жаңа деңгейіне шығуға дайынбыз», – деп атап өтті министр Ақмарал Әлназарова.

Профессор Эйко Ямамото денсаулық сақтаудың жас көшбасшылары бағдарламасының шеңберінде бір жылдық оқу бағдарламасы туралы айтты.

«Бұл мемлекеттік қызметке, әсіресе Азия елдері министрлігінің қызметшілеріне, соның ішінде Қазақстанға арналған магистратура мамандығы бойынша бағдарлама. Бұл бағдарлама 20 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді, бағдарлама қоғамдық денсаулыққа бағытталған, тек оқыту сегменті ғана емес, сонымен қатар Жапонияның денсаулық сақтау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін және пәрменділігін көру үшін ауруханаларға, госпитальдарға, дәріханаларға және басқа да медициналық ұйымдарға бару сегмегті де бар», – деді Ямамото ханым.

Кездесуді қорытындылай келе, министр әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, пул – жастар кадрлық резерві құрылатынын атап өтті.