19.02.2024 _ 10:10

NEET санатындағы жастарға арналған жоба жүзеге асып жатыр

Еліміздің 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жеті бағытының бірі жастардың әлеуеті мен кәсіпкерлігін іске асыру болып табылады.  Жастар - өмірдегі кез келген өзгерістерге жедел жауап беретін қоғамның ең белсенді бөлігі. Осыған байланысты жастар кәсіпкерлігі жастарды әлеуметтендірудің маңызды тетігі және әлеуметтік лифт ретінде әрекет етеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында осылай деді.

Оның айтуынша, жастар саясаты саласында NEET санатындағы жастар ерекше назар аударуды талап етеді. Статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстан Республикасының 15-34 жас аралығындағы жастардың жалпы санындағы NEET үлесі 2023 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 7,1%-ды құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,7%-ды құрады. Бұл өсім жастардың жалпы санының 1,5 есеге артуына байланысты тіркелген.  

«Осы мәселені шешу мақсатында заңмен «Уақытша бос жүрген жастар» немесе NEET санатындағы жастар ұғымы бекітілді, бұл 2023 жылдан бастап оларды жұмысқа орналастыру, білім беру, біліктілігін арттыру бойынша жүйелі және атаулы жұмысты бастауға мүмкіндік берді. 2022 жылдан бастап жастарды жергілікті қоғамдастық қызметіне қайта біріктіру мақсатында «Zhas project» гранттық бағдарламасы іске асырылуда. Жоба өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға және қоғам өміріне қатысуға, жеке тұлға мен әлеуметтік институттар арасында сенім орнатуға, әлеуметтік жобалардың тұрақты экономикалық моделін құруға бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобаларды оқыту мен іске асырудың арқасында NEET санатындағы жастар оң және нәтижелі қызметке тартудың бірегей тәжірибесіне ие болады», – деді спикер.  

«Zhas Project» аясында жастар арасында жобаларды іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру, білім беру және жүргізілетін жұмыстар арқылы NEET санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады.