19.02.2024 _ 10:40

Еліміздің 3 қаласы мен 17 облысында 10 үкіметтік емес ұйым «Zhas project» жобасына серіктес ретінде қатысады

Биыл «Zhas project» байқауы аясында 10 үкіметтік емес ұйым еліміздің 3 қаласы мен 17 облысында сомасы 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант береді. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының төрағасы Лима Диас Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөз сөйлеп, алдағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен биылғы жаңалықтар жайында айтты. Байқаудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады.

«19 ақпаннан 24 наурызға дейін әлеуетті қатысушыларға конкурс шарттарын түсіндіру үшін кең ақпараттық науқан өткізіледі. Біз ұсыныстарды қабылдадық және өткен жылдың процедураларын жетілдірдік. Министрлікпен бірлесіп ақпараттық жұмыс мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды, соған сәйкес өтінімдерді қабылдау мерзімі ұзартылады. 25 наурызда конкурстың басталуы жарияланады, өтінімдерді қабылдау 25 наурыздан 24 сәуірге дейін жалғасады. Конкурсқа қатысуға өтінім беру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарынан кейін бір ай беріледі. Өтінімдерді іріктеу 25 сәуірден 14 мамырға дейін екі кезеңде өтеді: бірінші кезеңде ұсынылған құжаттардың толықтығы мен сәйкестігі тексеріледі, екінші кезеңде конкурстық комиссия өтінімдерді іріктейді. Жоғарыда айтылғандай, біздің серіктестеріміз өңірлерді өзара бөліп алды. Яғни 10 үкіметтік емес ұйым нақты жұмыс істеп, өтінімдер қабылдайды. Олар конкурстық комиссия құрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қорытынды кезең аясында 15 мамырда конкурс нәтижелері шығарылып, іріктеу қорытындылары жарияланады. 18-34 жас аралығындағы өтініш берген 280 Қазақстан азаматы жеңімпаз болып танылады», – деп түсіндірді спикер.

Конкурсқа қатысу үшін өтініш беруші ҮЕҰ сайтында тіркелуге тиіс. Тіркелгеннен кейін жобалық өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды жүктейді. 

Орталықтың cisc.kz  ресми сайтында «Zhas project» парағы бар. Мұнда конкурстар өтетін өңірлер, оларды  ұйымдастыратын үкіметтік емес ұйымдардың телефон нөмірлері мен сайттары көрсетілген. Осылар арқылы қатысуға өтінімдер беруге болады.