Сондай-ақ ведомство қолданылатын агротехнологиялардың деңгейін арттыру мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Елде тыңайтқыштарға ғылыми негізделген қажеттіліктің тек 21%-ы ғана қолданылады. Ең жоғары сападағы тұқымдардың үлесі 7%-ды құрайды. Салыстыратын болсақ, Ресейде оның үлесі 2 есеге көп. Техниканы жаңарту деңгейі 4,5%-ды құрайды, ал оның нормасы 10%-ға тең. Салдарынан бізде өнімділік төмен және өндірілген өнімнің өзіндік құны жоғары. Қазақстандық фермердің өнімділігі гектарына 9-10 центнерден аспайды, ал көрші Ресейде бұл көрсеткіш – 20-25 центнер. Яғни отандық фермерлер көрші елдердің фермерлерімен бәсекелесе алмайды. Қалыптасқан жағдай біздің дәстүрлі экспорттық нарықтарымызда ресейлік астықтың басым болуына әкеп соқты. Өнімді жеткізу шығындарын ескерген бетте, ресейлік тауар отандық өнімнен арзанырақ болып тұр», - деп атап өтті спикер.
Төртінші мәселе – ол суармалы егіншіліктің әлеуетін толық пайдаланбау. Баланстағы 2,3 млн га суармалы жердің 1,5 млн га ғана пайдаланылады, ал су үнемдеу технологиялары қолданылатын 312 мың га алқап қана бар.
Бесінші мәселе – ол мал шаруашылығының төмен өнімділігі. Қазақстанда Ресейге қарағанда ірі қара малдың салмағы, оны сауу, жұмыртқа өндіру көрсеткіштері едәуір төмен. Мысалы, Қазақстанда 1 ірі қара малдан орташа есеппен 2395 кг сүт, ал Ресейде – 5134 кг өндіріледі. Нәтижесінде біздің өнімнің өзіндік құны жоғары.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының уақытылы қаржыландырылмауы ең өзекті мәселе екенін айтқан. Бұл жоғарыда аталған көптеген мәселенің тамыры. Несие тапшылығына байланысты фермерлер тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткілікті мөлшерде пайдаланбайды, ескірген техникада жұмыс істейді. Бұл ауыл шаруашылығындағы тиімділік пен өнімділіктің төмендігіне әкеп соқтырады. Мәселені шешу үшін фермерлерді уақытында қолжетімді қайтарылатын қаражатпен қамтамасыз ету маңызды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылы салаға қаржыландыруды тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілетін болады. Бұл ретте бюджет қаражаты ғана емес, екінші деңгейлі банктердің капиталы да қолданылады. Нәтижесінде жыл сайын көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына сомасы 1,5 трлн теңге жеңілдетілген кредит берілуі тиіс; ауыл шаруашылығы техникасын 8-10 %-ға жаңартуға 450 млрд теңге көлемінде жеңілдікпен лизинг берілуі тиіс; 800 млрд теңге инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Бүгінгі таңда қаржыландыру көздері пысықталуда. Мен бұл қаражаттың барлығы қайтарымды екенін атап өткім келеді, яғни біз фермерлердің қол жетімді несиелері бар екеніне көз жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деп атап өтті министр.