28.02.2024 _ 14:56

Биыл наурыз айында Сырдария өзені арқылы секундына 800 текше метр су келеді

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысының шаруаларымен кездесуде Өзбекстанмен тиісті уағдаластық бар екенін айтты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, аталған су көлемі Қазақстанға осы жылдың ақпан және наурыз айларында келуге тиіс. Ақпан айында өзбек тарапы өз міндеттемелерін орындады, сондықтан бұл көрсеткіш наурыз айында да сақталады деп күтілуде.

Қазақстан бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 57 су қоймасын салу жоспарланып отыр, оның 20-сын Су ресурстары және ирригация министрлігі салады. Атап айтқанда, Қызылорда облысында Қараөзек су қоймасын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін басталуы мүмкін.

Сондай-ақ, 133 гидротехникалық құрылысты және 14 мың шақырымнан астам суару желілерін жөндеу жоспарланып отыр. Қызылордада австралиялық Rubicon Water компаниясымен ирригациялық каналдарды жаңғырту бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бір ай ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуға тиіс. Содан кейін оны Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары зерттейді.