29.02.2024 _ 13:40

Пржевальский жылқысын жерсіндіру арқылы оның популяциясын көбейту көзделген

2023 жылы 24 сәуірде өткен «Қазақстан-Чехия» бизнес-форумы шеңберінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага зообағы арасында жабайы жылқыларды Қазақстан аумағында жерсіндіру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл туралы ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Пржевальский жылқысын реинтродукциялау үшін неғұрлым қолайлы жер ретінде Қостанай облысында орналасқан «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы айқындалды. Бұл шешім Қазақстанда тұяқты жануарларды қайта жерсіндіру бойынша қалыптасқан тәжірибені, сондай-ақ Халықаралық табиғатты қорғау одағының ұсыныстары мен мүдделі ғылыми ұйымдардың мамандарының кеңестерін ескеріліп қабылданды. 

«Мемлекеттік табиғи резерват Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2012 жылы құрылды. Резерват аумағы 490 мың гектарды құрайды. Резерват аумағында жылқыларды жерсіндіру шараларының аясында резерваттың материалдық-теxникалық базасы күшейтілді және арнайы вольер орнатылды. Келіссөздер қорытындысы бойынша алғашқы жылқы тобын, 7-8 бас алып келу ағымдағы жылдың маусым айына жоспарланған. Пржевальский жылқыларын қорғау және олардың санын көбейту жөніндегі бірлескен жұмысымыз нәтижелі болатынына сенімдімін», – деді спикер.