01.03.2024 _ 14:22

Орталық Музей қорында Қазақстанға қоныс аударған 16 этнос жәдігері көрермен назарына ұсынылды

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Бір шаңырақ астында» халықтық-қолөнер көрмесі өтті. ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорында XVII-XVIII ғасырларда қазақ еліне қоныс аударған 16 түрлі этнос өкілдерінің жәдігері жинақталған. Оны жасақтауға сол кездегі музей басшылары зор еңбек сіңірді, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Қазақстанға әуелі Ресейден, Беларусьтен, Украинадан шаруалар қоныс аударды. Ал XIX ғасырда Қытайдан ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аудара бастады. ХХ ғасырда социалистік революциялар, ұжымдастыру, халықтарды жаппай депортациялау мен қуғын-сүргін және екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында халық көші  арта түсті.   

Көрмеге «Ватандаш» қырым татарларының мәдени орталығы, Қазақстандағы ұйғырлар республикалық этно-мәдени орталығы, Қазақстандағы күрдтердің «Барбанг» қауымдастығы, «Ренессанс» Алматы мәдени-этникалық қоғамы, «Вензь» поляк мәдениетінің орталығы, Алматы облысының «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігі және «Вошал» ингуш этно-мәдени орталығының өкілдері қатысты.

Шараға жиналған өзге ұлт өкілдері қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларына пана болып, есігін айқара ашқан, бір үзім нанды бөліп жеген және бүгінгі күні әр халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеуіне мүмкіндік беріп отырған қазақ еліне шексіз алғысын білдірді.