01.03.2024 _ 15:20

ҚР Азаматтық қорғанысының басты мақсаты - бейбіт уақытта халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау

Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін атап өту шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігі халықты тек мереке күні ғана емес, азаматтық қорғаныс айлығы аясында да барынша қамтитын іс-шаралар жоспарын бекітті. Ел өңірлерінде барлық жерде ашық есік күндері, семинарлар, викториналар, конкурстар, барлық деңгейдегі білім беру объектілерінде ашық сабақтар өткізіледі. ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов ОКҚ алаңында аталған іс-шараларға халықты белсенді қатысуға шақырды.

«Азаматтық қорғаныс жүйесі Ұлы Отан соғысы кезіндегі жергілікті әуе шабуылына қарсы қорғаныстан бастап, ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі болып қалыптасты. Жүйе дамудың ұзақ жолынан өтті. Тәуелсіз Қазақстанда бұл қызметті ТЖМ құтқарушылары, өрт сөндірушілері мен әскери қызметшілері атқарып отыр. Бүгінгі таңда елдің экономикалық әлеуетін, сондай-ақ нарық пен бизнесті дамыту нысанын назарға ала отырып, азаматтық қорғаныстың жаңа келбеті қалыптасты, оның басты ерекшелігі – халықты соғыс уақытындағы қауіп-қатерлерден ғана емес, бейбіт уақытта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады», – деді спикер.

Қазіргі уақытта Министрліктің құрылымында компьютерлік техниканың жаңа үлгілерімен жабдықталған ДЖБО жұмыс істейді. Орталық басқару органы болып табылады және оның мамандары елдегі ағымдағы жағдай туралы үлкен көлемдегі ақпаратты жинап, өңдеп, талдайды. 

Қазақстан ТЖМ-де 120 дрон, 31 тікұшақ бар, ел бойынша 70 сейсмостанция, мореналық көлдерге мониторинг жүргізетін 31 автоматтандырылған жүйе орнатылған.

Медицина орталығы жылжымалы госпитальдармен жабдықталған, апатты учаскелерде реанимациялық автокөліктері бар трассалық-медициналық құтқару бекеттері орналастырылған.