04.03.2024 _ 15:07

PDAC-2024 конференциясында Қазақстанның инновациялық әлеуеті көрсетілді

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан әлемдегі ең ірі PDAC-2024 конференциясында Ұлттық павильонды ресми түрде ашты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Пайдалы қазбаларды барлау және игеру саласындағы жетекші халықаралық іс-шара болып табылатын PDAC конференциясы жыл сайын мыңдаған қатысушыларды, соның ішінде бүкіл әлемнен сарапшыларды, инвесторларды және тау-кен өндіруші компаниялардың өкілдерін тартады. 1932 жылдан бастап PDAC біліммен алмасу, инновацияларды ұсыну және саланың болашағын қалыптастыру үшін платформа ретінде қызмет етіп келеді.

Ашылу салтанаты барасында Қанат Шарлапаев Қазақстанның PDAC-2024 қатысуының стратегиялық маңыздылығын атап өтті:

«Біздің PDAC-қа екінші жыл қатарынан қатысуымыз жаһандық геологиялық қауымдастыққа белсенді интеграцияға және отандық тау-кен өнеркәсібіне шетелдік инвестицияларды тартуға деген мызғымас адалдығымызды көрсетеді», - деді министр.

Салтанатты шарада PDAC-2024 бірінші вице-президенті Карен Риис пен канадалық сенатор Виктор Оу құттықтау сөз сөйледі.

Ашылу барысында лентаны ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен Қазақстанның Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов қиды.

Қазақстанның Ұлттық павильоны «ERG», «Tau-Ken Samruk», «Kazakhmys», «GreyWolf» және «KazakhGeology» сияқты жетекші қазақстандық компаниялардың озық жетістіктері мен жобаларын ұсынады. Көрме Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі саласындағы инновациялық әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсетіп, қазақстандық нарықтың халықаралық ынтымақтастық пен жаңа технологияларға ашықтығын атап көрсетеді.

Министр сондай-ақ Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған геологиялық саланы дамыту тұжырымдамасын іске асыру контекстіндегі PDAC-2024-ке қатысуының маңыздылығына тоқталып, оның осы саладағы екіжақты және көпжақты әріптестікті кеңейтуге дайын екендігін растады.

PDAC-2024 көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильонының ашылуы - еліміздің пайдалы қазбаларды барлау мен өндірудің әлемдік нарығындағы негізгі мүшелерінің бірі ретінде танылуының және оның жаңа инновациялық жобалар мен халықаралық ынтымақтастыққа дайындығының айқын көрсеткіші.