Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде кемінде 90 мың орынға жатақхана салуды тапсырғаны белгілі. Ол үшін елімізде инвесторларды тарта отырып, студенттік жатақханаларды салу және реконструкциялау бағдарламасы іске асырылуда.
Жаңа студенттер үйін салу – жайлы және заманауи оқу ортасын құру жолындағы тағы бір қадам. Оның жобасында оқу залдары, салтанат залы, медициналық кабинет және студенттердің бос уақытын белсенді түрде пайдаланып, спортпен айналысуға мүмкіндік беретін спорт кешені бар.
Студенттер үйінің инфрақұрылымы барлық қажетті талаптарға сай. Әр бөлмеде ас үй, жуынатын бөлмелер болады. Университет қауымдастығының барлық мүшелеріне тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін инклюзия қағидаттарының бір бөлігі ретінде ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін арнайы жағдайлар да қарастырылады.
Қазіргі уақытта университетте жалпы жобалық сыйымдылығы 1365 орындық бес студенттік жатақхана бар. Жаңа жатақхананың құрылысы резидент емес, студенттердің тұрғын үйге деген сұранысын толық қанағаттандырады. Ал мұқтаждар жатахқанадан орынмен қамтамасыз етіледі.
Былтыр 43 жатақхана іске қосылды. Биыл тағы 10 мың төсек-орын енгізу жоспарлануда.