14.03.2024 _ 14:40

Қазақстанның қар жамылғысының ауданы 72%-дан 66%-ға дейін азайды

«Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары Серік Саиров ОКҚ алаңында еліміздегі гидрометеорологиялық жағдай туралы баяндады. Оның хабарлауынша, еліміздің жазық өзендерінде ылғал қорының көлемі біркелкі таралмай жатыр.

Мәселен, Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы Нұра және Шерубайнұра өзен алаптарында 27 және 52%-ға азайса, Кеңгір өзені алабында орташа көпжылдық көрсеткіштердің шамасында. Ал, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Есіл өзені алабына келіп кұятын Қалқұтан өзені алабында 12%-ға азайды. Ал Жабай, Сілеті, Шағалалы өзен алаптарында және Сергеев су қоймасына дейінгі аралықта тиісінше 28-ден 60%-ға дейін ұлғайды. 

«Ақтөбе облысындағы Ілек және Қарғалы өзен алаптарында сәйкесінше 4 және 15%-ға ұлғайды. Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау өзен алабында орташа көпжылдық көрсеткіштердің шегінде, Шежін-2 өзен алабында 28%-ға азайды. Деркөл және Шаған өзен алаптарында 67 және 41%-ға  ұлғайды. Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл су қоймасынан жоғары жатқан өзен алаптарында 16%-ға, ал Қаратомар су қоймасына келіп құятын торабы алабында 51%-ға азайды», – деді спикер.

Таулы өзендер алаптарындағы жағдайға тоқталатын болсақ, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы Ертістің оң жағалауындағы өзен алаптарындағы су көлемі орташа көпжылдық көрсеткіштерден 69%-ға, Бұқтырма су қоймасы аймағында 100%-ға, Ертістің сол жағалауындағы өзен алаптарында 41%-ға жоғары, ал Тарбағатай жотасының оңтүстік-батыс беткейіндегі өзен алаптарында орташа жылдық көрсеткіштердің шамасында.

16-19 наурыз аралығында елімізде ауа райы жауын-шашынсыз және температураның жоғарылауы болжанады. Батыс өңірлерін есепке алмағанда,  наурыздың үшінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде қар, бұрқасын, екпінді жел болжанады. 

«Қазгидромет» мамандарының бағалауы бойынша наурыз айының соңына қарай ауа температурасының фоны көтеріліп, қардың қарқынды еруі және су басу қаупіне әкеледі. Сонымен қатар Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарға, атап айтқанда Жайық өзені мен оның салалары және Тобылдың алаптарына ерекше назар аудару қажет. Қазір Орынбор және Челябі облыстарында, сондай-ақ Башқұртстан Республикасында, Росгидрометтің мәліметі бойынша, жиналған қар көлеміне байланысты қолайсыз су тасқыны жағдайы қалыптасты», – деп атап өтті спикер.

«Қазгидромет» мамандары тұрақты негізде апаттық гидрометеорологиялық құбылыстар туралы дауылды ескертулер шығарады. Олар жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар министрлігіне шешім қабылдау үшін беріледі. Мониторинг 377 гидрологиялық бекетте жүргізіледі, өзендердегі су деңгейінің күрт және қауіпті ауытқуы кезеңінде бақылау жиіледі.