15.03.2024 _ 11:10

Былтыр бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтар сомасы 4 трлн теңгеден асты

2023 жылдың қорытындысы бойынша 4 081 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар түсті. 2021 жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны 78%-ға ұлғайды, ал 2022 жылмен салыстырғанда ұлғаю 18%-ды құрады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Кедендік бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтыр экспорттық кедендік алымдарды есепке алмағанда, кедендік төлемдер мен салықтар сомасы 2 401 млрд теңгені құрады. 2021 жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны 92%-ды, ал 2022 жылмен салыстырғанда өсім 34%-ды құрады. Кедендік әкімшілендіру шаралары есебінен бюджетке қосымша 149,6 млрд теңге өндірілді. 

«Үшінші елдермен сыртқы тауар айналымы 2023 жылы 111,3 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 67,6 млрд АҚШ доллары, ал импорт – 43,7 млрд АҚШ долларына тең. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 31,5 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 14,7 млрд АҚШ доллары, импорт – 16,8 млрд АҚШ доллары», – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.