15.03.2024 _ 11:30

Кеден рәсімдерін оңтайландыру: қағазсыз транзит, навигациялық пломбалар, Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе

Трансшекаралық сауда рәсімдерін жеңілдету және транзиттік тасымалдарды ұлғайту мақсатында ҚР ҚМ МКК Орталық Азия, Каспий өңірі және Закавказье елдерінің көлік дәліздерін дамыту шеңберінде транзит рәсімдерін жеңілдету туралы тұжырымдама мен көпжақты келісімнің жобаларын әзірледі. Жобалардың негізгі мақсаты – өңір елдерінде қағазсыз транзит экожүйесін енгізу. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ҚМ МКК Кедендік бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл пилоттық жоба көптеген уәкілетті органның мөртаңбаларын қою қажеттілігінен бас тартуға мүмкіндік береді.

Былтыр ЕАЭО мүше мемлекеттердің аумақтарындағы тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім күшіне енді. Жобаны іске асыру үшін қажетті шешімдер ЕЭК алаңында қабылданбақ. 2025 жылы іске қосылатын жоба маршруттардағы тексерістерді азайтуға мүмкіндік береді.

«Енді СЭҚ қатысушылары Бірыңғай терезе порталында аралас мемлекеттік органдар мен ұйымдар беретін рұқсат құжаттарын электрондық түрде бір жерден алады. Былтыр Бірыңғай терезе порталында рұқсат құжаттарын алуға 240 мыңнан астам өтініш берілді. Қызметтерді автоматтандыру Сыртқы істер министрлігінің қызмет көрсету мерзімін 30 күннен 1 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде құжаттарды алу мен кедендік ресімдеу жеңілдеді. Қазір интеграцияны қажет ететін өзекті мәселелер қарастырылуда», – деп атап өтті спикер.