20.03.2024 _ 12:30

Елішілік құндылық үлесін есептеу әдістемесі өзгерді

Бүгінгі таңда елішілік құндылық үлесі СТ-KZ тауарларының шығу тегін растайтын сертификаттарды беру кезінде айқындалады және Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығымен бекітілетін формула бойынша есептеледі. Биыл Министрлік елішілік құндылық үлесін есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізді. Бұл туралы ведомствоның вице-министрі Қайрат Балықбаев ОКҚ алаңында хабарлады.

Елішілік құндылық үлесі мемлекеттік сатып алу, «Самұрық-Қазына» Қорының компанияларын сатып алу, медициналық бұйымдар мен дәрілік заттарды сатып алу, жер қойнауын пайдалануға, өнеркәсіптік саясат саласында және басқа да салаларда келісімшарттарды орындау кезінде ескеріледі.

«Іс жүзінде елішілік құндылық үлесі қандай да бір өнімде немесе жалпы алғанда, сатып алынатын тауарлар көлемінде «қазақстандық үлесті» анықтауға бағытталған. Өзгерістер оқшаулауды тереңдетуге, шикізат, жинақтауыштар өндірісін, сондай-ақ тікелей Қазақстанда орындалатын технологиялық операциялар санын ұлғайтуға бағытталған. Және елішілік құндылық үлесін есептеуді реттейтін негізгі құжатқа қатысты болады», – деді спикер. 

Осы жылдан бастап бұл көрсеткішті есептеу әдістемесі өзгеріске ұшырады. Мәселен, енді жергілікті қамту үлесінен тасымалдау мен логистикаға арналған шығындар, өндірістік процеске байланысты емес басқару және шаруашылық шығындар, өнімді өткізуге арналған шығыстар, сондай-ақ дайын өнімге арналған қосымша құн салығы мен оны өткізу кезіндегі пайда есептелмейді.

Есептеу әдiстемесiн жетiлдiру көптеген салаға пайдасын тигізеді. Яғни тауарлар мен сатып алулардың нақты көрсеткiштерiне қол жеткiзу мүмкін болады. Бұл өзгерістің барлығы биыл сәуір айының соңында қолданысқа енгізіледі.