20.03.2024 _ 14:28

Қазақстан мен Франция Балқаш көлі бассейніне ауқымды зерттеу жүргізу мүмкіндігін қарастырып жатыр

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз франциялық делегациямен кездесіп, Балқаш көлін бірлесіп зерттеу мен жерасты суларын басқару саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Ең алдымен Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулері Бюросының (BRGM) сарапшылары мен қазақстандық мамандар арасындағы ынтымақтастық туралы сөз болды. Жоба өткен жылы іске қосылды және бүгінгі күнге дейін француз сарапшыларының қатысуымен Қазақстанда жерасты су ресурстарын басқарудағы ең өзекті мәселелерді анықтау мақсатында 8 семинар өтті. 

Болат Бекнияз министрлік күн тәртібіндегі барлық мәселелерді мұқият зерделеп, басым бағыттарды анықтайтынын айтты. Осыдан кейін француз сарапшылары оларды шешу әдістерін айқындайтын тұжырымдамалық құжат жасайды. 

Сондай-ақ, Франциядан келген қонақтар Балқаш көлі бассейніне ауқымды зерттеу жүргізу және оның су ресурстарын басқару моделін жасау туралы бастама көтерді. Бұл жұмыс жерсеріктік суреттерді зерттеуді және гидрогеологиялық талдауды қамтиды. Жоба іске асырылған жағдайда зерттеулерге Француз даму агенттігін тарту жоспарланып отыр.

«Ұсыныс өте қызық. Өздеріңіз білетіндей, Арал мен Каспийді зерттеу және сақтау мәселелерімен айналысатын ұйымдар бар. Бірақ, көл бассейнін ауқымды зерттеу қажет болғанымен, Балқаш бойынша жекелеген институттар немесе қорлар жоқ. Біз осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Сондай-ақ, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, француз делегациясын мамыр айының соңында өтетін «Балқаш-2024» Халықаралық су–климаттық форумына шақырамын», – деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

Балқаш көлін зерттеумен қатар, тараптар Қазақстанның батысындағы жерасты суларының кен орындарының мұнаймен ластану тұрғысынан зерттеу бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.