06.04.2024 _ 19:20

Әскерилер су тасқыны бар аймақтарда бөгеттерді нығайтып, эвакуация жүргізіп жатыр

Қарағанды облысында 31775 әскери бөлімінің 96 әскери қызметшісі Кертінді және Нұра елді мекендерінде құм салынған қаптарды дайындап, елді мекендер бойындағы өзен арнасын күшейту жұмыстарын жүргізді. 44803 ә/б құтқару тобы Көбетей елді мекенінде су кәрізін тазартты. 55524 ә/б әскери қызметшілері Нұра ауылында жолдардың қауіпті учаскелерін бақылауды жүзеге асырып, осы әскери бөлімнің басқа бөлімшесі Егіндібұлақта тасыған суды сорғызумен айналысуда. Бұл жайында ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Тепличное ауылында аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері бөгетті нығайтумен айналысу үстінде. Қостанай қаласының Жағалау ауданында аумақтық қорғаныс әскери қызметшілері 6500 қап құм дайындап, Тобыл өзенінің жағалауын күшейтті. Ақтөбе облысының Ойыл елді мекенінде әскери қызметшілер Ойыл өзені арқылы өтетін паром өткелін орналастырды.


«27 наурыз бен 5 сәуір аралығында ҚР Қарулы күштерінің жеке құрамынан барлығы 1 500-ден астам әскери қызметші, 73 көлік, 11 армиялық авиация тікұшағы, 4 әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды. ҚР ҚК әскери бөлімшелерінің күшімен 2 000-нан адам эвакуацияланды, оның 624-і бала. 54 мыңнан астам құм салынған қап дайындалып, төселді, 1 770 метр су ағатын кәріз тазартылды»,-деді спикер.


Бүгін Ақтөбе және Атырау облыстарының су басқан елді мекендерінен халықты тікұшақтармен эвакуациялау жүзеге асырылып жатыр.