06.04.2024 _ 21:20

Барлық күш пен құрал алдын алу және су тасқыны салдарын жоюға бағытталды - ҚР ТЖМ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары үшін мемлекеттік материалдық резервтен арнайы және автомобиль техникасы, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары броньдалып, берілді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Кахарман Оразалин мәлімдеді.

«Ұлттық ұланның авиациясымен Астана қаласынан Құлсары қаласына азық-түлік, қапшықтар мен мотопомпалар жеткізіледі. Құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің бірлескен жұмысының арқасында 80 мыңнан астам адам тұратын 135 елді мекенді және түрлі мақсаттағы 21 мыңнан астам ғимараттар мен құрылыстарды су басуға жол берілмеді. Ақтөбе облысында Қорғаныс министрлігінің инженерлік әскерлерінің уақытша понтон-көпір паркін орнатуының арқасында Ойыл аудан орталығымен байланыс қалпына келтірілді», - деді спикер.


Соңғы тәулікте ТЖМ мен Қорғаныс министрліктерінің күштері мен құралдарын Маңғыстау облысы мен Атырау қаласынан Құлсары қаласына ауыстыру жүзеге асырылды.
Барлық күш мен құрал су тасқынының салдарын болдырмауға және жоюға бағытталған. Жағдай нашарласа, қосымша шаралар қабылданады. Авариялық-құтқару шаралары тәулік бойы жалғасады.