08.04.2024 _ 00:20

Зардап шеккен азаматтарға өтемақы тәуелсіз тексерудің қорытындысынан кейін төленеді

Су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық шығындарды есептеу мақсатында әр ауданның жеке комиссиясы құрылып, бүгінге түскен 2018 өтініштің 1482-сі бойынша үйлерді аралап, тексеру жұмыстары жүргізілді. Төлемдер тәуелсіз тексерудің қорытындысынан кейін жүзеге асырылады. Сонымен қатар, су тасқыны салдарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардан бүгінгі күні 346 құжат қабылданып, 94 адамға 28 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуда. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, алдын ала есептеулерге сәйкес 3 мың адамға 1 млрд теңге шамасында қаражат төленеді. Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға 2 пункт құрылып, барлығы 300 тоннаға жуық тауар жиналды. Оның 215 тоннасы мұқтаж тұрғындарға таратылды. Бұл жұмысқа 8 524 волонтер ат салысуда.

«Сонымен қатар «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры ашылғалы, 5 күн ішінде 317 млн теңге қаржы жиналды. Аталған қаражат бұзылған үйлерді қалпына келтіруге жұмсалады. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес зардап шеккен тұрғындардың барлығына шығындарды өтеу жүргізіледі. Сонымен қоса, облыстағы екі ірі су қоймасының деңгейі 97%-ға жетіп отыр. Ақтөбе су қоймасы бойынша қауіп жоқ, деңгейі 238 млн текше метр немесе 97%-ды құрап отыр. Қауіп Қарғалы су қоймасында сақталуда. Түндегі жауын-шашынның әсеріне су деңгейі 3 млн текше метрге көтеріліп, 270    млн текше метр немесе 97%-ға жетті. Келісі шығысы деңгейлері секундына 350 текше метр деңгейінде теңестіріліп, артық су қорын сақтамай, транзиттік режимге көшірілді»,-деді спикер.


Тәуекел аймағында Ырғыз ауданының Мамыр және Нұра елді мекендері де бар. Аталған ауылдарда өзен жағалауларын нығайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс бойынша барлығы 15 мыңнан астам адамға арналған 86 уақытша қабылдау пункті дайындалды. Бүгінде 10 мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мыңнан астам бала қауіпсіз аймаққа көшірілді. Құтқару жұмыстарының арқасында адам өліміне жол берілмеді. Сонымен қатар 10 мыңнан астам қауіпсіз аймаққа айдалды.  Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы күшейтілген тәртібімен жұмыс істеуде. Су тасқынының зардаптарын жоюға бағытталған жұмыстар бақылауда.