08.04.2024 _ 13:10

Ұлытау өңірінде су басу қаупін сейілдіру жұмыстары жүріп жатыр

Ұлытау облысында су қаупін төндірмеу бойынша біраз шара атқарылды. Наурыз-сәуір айларында орталықтандырылған штаб тәулігіне 24 сағат бойы жұмысын жүргізіп жатыр. Кеңгір, Жезді және Сарысу өзендері бойынша елді мекендерді су баспау үшін шара атқарылуда. Облыс көлемінде су басу қаупі әлі бар. Бірақ жағдай бықылауыда, су деңгейі қазір төмендеп отыр. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов ОКҚ алаңында хабарлады

Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында 22 үйді су басып, сол елді мекендерде  тұрғындармен бірге сараптамалық жұмыстар жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша азаматтардың үйлері қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстары өткізіледі. 3 күнде бұл жұмыс бітеді. 

«Облыста 2764 автокөлік жолы бар. Онда 691 су өткізгіш құбыр, 24 көпір бар. 738 шақырым теміржол бар. Мұнда 49 көпір мен 249 су өткізгіш құбырлары орналасқан. Осы қондырғыларды жылу беру маусымында уақытылы тазалап, су өткізгіштерін қалпына келтірдік. Соның арқасында елді мекендерді су басу қаупін сейілдіртіп, алдын алу шараларын жүргіздік. Бірақ ауа райының құбылмалығына байланысты Жезді кентіне су мөлшері көп келіп, осы елді мекенге біраз қауіп төндірді. Былтыр Жезді өзенінің табанын кеңейтіп, қауіптің алдын алдық. Мұнда су әлі ағып жатыр, бірақ 1,5 метрге төмендеді. Жезді өзеніне су бөгетінен 70 млн текше метр су ағызып отырмыз»,- деді спикер.


Кеңгір су қоймасы толып, 319 млн текше метр су қоры жиналып, 246 млн текше метр су жіберілді. Сарысу өзені жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төндірді. Бірақ қауіптің алдын алу шаралары жүргізілді. Жаңаарқа, Байдалыби, Ақтүбек сынды кенттері, Жылынды елді мекенінде де осындай шаралар атқарылды. Өңірде орналасқан ірі мекемелер де жергілікті атқарушы органдарға үлкен көмек көрсетті.