08.04.2024 _ 16:40

20 мыңнан астам қызметкер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жатыр

Ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда. Жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істейді. Күн сайын 20 мыңнан астам қызметкер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бірлескен авариялық-құтқару операцияларына қатысып жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Авариялық-құтқару іс-шараларына 4 мыңнан астам қызметкер мен әскери қызметшілер, ведомстволық академиялардың курсанттары, сондай-ақ полиция ведомствосының 700-ге жуық техникасы жұмылдырылған. Бұл -патрульдік автокөліктер, қызметтік автобустар, Камаздар, Оралдар, 2 тікұшақ және 2 ұшақ. 


«10 мың метрден астам арық тазартылды. Суды бөгеу үшін 144 мыңнан астам қап төселді. 12,6 мың адам эвакуацияланды. Оның ішінде 300-ге жуығы тікұшақпен шығарылған. Зардап шеккен елді мекендердің саны 50-ге дейін өсті. Қазір полицияның қорғауында 9 135 тұрғын үй және басқа да нысандар бар. Тонауға жол берілмейді. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін 80 ірі уақытша орналастыру пункті ұйымдастырылды»,-деді спикер.


Республикалық маңызы бар жолдардың 14 учаскесінде жүріске шектеу енгізілген. Су басқан аймақтардан полицияның арнайы ұйымдасқан колоннасымен 5 мың автокөлік шығарылды. Сондай-ақ 70 ауыз сумен жабдықтау объектісі және 91 су шаруашылығы стратегиялық объектілерін қорғау қамтамасыз етілуде.
Бүгінгі таңда су тасқынына қарсы іс-шараларға барлық қызметкерлер мен әскери қызметшілер жұмылдырылды. Жағдай нашарласа, басқа өңірлерден қосымша күштер мен құралдар тартылатын болады.