08.04.2024 _ 18:40

Өңірлерде су тасқынынан 80 сауда нысаны зардап шекті

Барлық өңірде әлеуметтік азық-түлік бағасының нөлдік өсімі байқалады. Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлия Әбдірахманова Ұлттық статистика бюросының деректерін ОКҚ-да хабарлады.

Оның айтуынша, Министрлік су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде азық-түлік тауарларымен, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз ету жағдайын бақылайды. Көшпелі тексеру жүргізілді, азық-түлік қоры тексерілді.


Алдын ала деректер бойынша өңірлерде 80 сауда нысаны зардап шекті (Павлодар облысында – 1, Қостанай облысында – 22, Ақтөбе облысында – 9, Атырау облысында – 35, Батыс Қазақстан облысында-13 нысан). Залал сомасы нақтыланады. Қалған өңірлерде жағдай тұрақты.

«Министрлік ірі сауда желілерімен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бағаның өсу фактілері анықталған жағдайда 8(7172)74-37-35 нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз», - деп түйіндеді спикер.