09.04.2024 _ 15:10

Еліміздің жоғары оқу орындары су астында қалған жоқ

Қазіргі таңда төтенше жағдай орын алған өңірлерде орналасқан жоғары оқу орындарын су алмаған. Залал келу мен қирау қаупі жоқ. Министрлік тарапынан барлық оқу орнынан студенттерді қауіпті аймақтарға жібермеу туралы тапсырма берілді. Ведомство және тиісті өңірлердің жоғары оқу орындары төтенше жағдай режимінде жұмыс жасауда. Министрлік су тасқыны жүріп жатқан өңірлердегі университеттердің күнделікті мониторингін жүргізіп жатыр. ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ОКҚ алаңында өткен брифингте осылай деді.

Біріншіден, жоғары оқу орындарында жұмыс және оқу процесі штаттық режимде жүргізілуде. Онлайн оқытуға қазір төтенше жағдай режиміне байланысты тек қана Х.Досмұхамедова ат. Атырау университеті көшкен. Қазіргі уақытта бұл университетте 8 мың студент білім алуда. 

«Екіншіден, апатпен күреске жоғары оқу орындары тартылған. Университеттер белсенді азаматтық ұстаным көрсетуде. Барлық университетте еріктілер топтары жасақталды. Олар 5 мыңнан аса адамнан тұрады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің  450 студенттері мен 50 қызметкерлерден тұратын еріктілер тобы гуманитарлық орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды тасымалдауға-жеткізуге, гуманитарлық көмектерді қабылдауға жәрдемдесуде. 2880 адамнан тұратын студенттер қатарынан, сондай-ақ 200 қызметкерден арнайы еріктілер жасағы құрылған», – деді спикер. 

Өтебаев ат. Атырау мұнай және газ университетінің 300 студенті еріктілер ретінде ауыспалы режимде жұмыс жасауда. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 100 волонтеры күн сайын тасқын болған аймақтардан эвакуацияланған азаматтарға гуманитарлық көмек тарату жұмыстарына қатысуда. 

«Үшіншіден, өңірлерде зардап шеккендерді жоғары оқу орындарының жатақханаларына орналастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні жоғары оқу орындары өз жатақханаларынан эвакуацияланған адамдар үшін 1160 орын беру үшін әзірлеп қойған. Сонымен, Рудный және Жәңгір хан университеттерінде 200 орыннан дайындалған. Қазіргі уақытта Рудный индустриалдық университетіне Перцовка ауылының 3 тұрғыны қоныстанды. Жабдықталған 4 аудитория дайындалды», – деді ведомство өкілі. 

Досмұхамедов университеті жатақханалардан 860 орын әзірлеп қайған, қазір онда 4 адамнан тұратын 1 отбасы ғана орналасқан. Есенов университеті зардап шеккендер үшін 300 орын әзірледі. Қазіргі таңда онда 138 адам орналасқан. М. Өтемісов атындағы . Батыс Қазақстан университеті 300 орындық 1 жатақхананы толық босатып берген, қазір онда адам толық орналасқан.

«Төртіншіден, Педагогика және психология, өнер, бейнелеу өнері сияқты кафедралардың оқытушылары мен магистранттары зардап шеккен отбасыларға, олардың балаларына психологиялық көмек көрсету жұмыстарын атқаруда. Мысалы, Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінің 50 суретшісі мен 12 оқытушысы балаларға арт-терапия және сурет салу бойынша шеберлік сыныптарын өткізді», – деді спикер. 

Қазіргі уақытта жедел штабтың жұмыс жоспары әзірленген, сонымен қатар Министрлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп зардап шеккен халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстарды жасауда.