09.04.2024 _ 17:40

Елімізде 4 мыңнан астам қызметші қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыр

Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Құтқару және су тасқынына қарсы іс - шараларға 4 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, сондай-ақ ІІМ оқу орындарының курсанттары қатысуда. 700 қызметтік техника жұмылдырылды. Бұл патрульдік көліктер, автобустар, жүк көліктері және ведомстволық тікұшақтар мен ұшақтар. Ішкі істер органдарының қызметкерлері Төтенше жағдай министрлігі мен жергілікті органдарға арықтарды тазартуға көмектесуде. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Жалпы полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 10 мың метр арықты тазартты. 159 мыңнан астам қап төселді. 16 300 адам құтқарылды. Оның ішінде тікұшақпен 325 адам эвакуацияланды, оның 111-і - бала. Қараусыз қалған мүлікті күзету үшін полиция 45 зардап шеккен елді мекенді бақылауға алды. 

«Бұл Ақтөбе облысында Ақтөбе қаласы мен Ойыл ауданы; Атырау облысында Жылыой ауданы (Құлсары қаласы); Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы, Бөрлі, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары; Павлодар облысында Шарбақты ауданы; Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданы; Қостанай облысында Қостанай және Рудный қалалары, Қостанай, Қарасу, Федоровка және Б.Майлин аудандары. Ұлытау облысында Ұлытау ауданы. Айта кету керек, қазір Ішкі істер органдары 9 600 - ден астам қараусыз қалған тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетуде. Ұрлық-қарлыққа жол берілмеді», – деді спикер.

Су тасқыны кезінде полиция жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр. Республикалық маңызы бар жолдардың 14 учаскесінде, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында, яғни 7 аймақта қозғалысқа шектеу енгізілді. Су басқан аймақтардан патрульдік экипаждардың сүйемелдеуімен ұйымдастырылған колонналармен 5 мың автокөлік шығарылды.

«Жалған ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында Ішкі істер органдарымен ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізілуде. Мысалы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны су тасқыны салдарынан қалада жол жабылды деп жалған ақпарат таратып, сол үшін жауапқа тартылды. Осы орайда, жалған ақпарат таратушылар жауапкершілікке тартылатынын ерекше ескертеміз. Қостанайда су басқан аймаққа кіруге тыйым салу туралы полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін 4 адам жауапқа тартылды. Мәселен, 6 - сәуірде түнгі уақытта Қостанайда тереңдігі бір метрге дейін жететін су басқан аймаққа өтпек болған мас күйдегі адамдар тоқтатылды. Ұстау кезінде олар полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, талаптарына бағынбаған»,-деді ведомство өкілі. 

Одан бөлек, құқық бұзушылар қоғамдық орында мас күйде жүргені және төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ, Қаратомар су қоймасындағы жарықшақ туралы жалған ақпарат таратқаны үшін Қостанай қаласының тұрғынына қатысты тағы бір әкімшілік іс қозғалды. 

«Бұл ретте, назарларыңызға салатын маңызды мәселе бар. Еліміздің заңнамасына сәйкес төтенше жағдай мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады. Мысалы, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жаза күшейтілді.  Осы кезде көрінеу жалған ақпарат тарату, билік өкіліне бағынбау, оған қатысты қорқыту немесе зорлық-зомбылық жасау жауапкершілікті ауырлатады. Сонымен қатар, заңға сәйкес төтенше жағдай кезінде лауазымды тұлғалардың да жауапкершілігі артады. Қызмет барысындағы әрекетсіздік, құқық қорғау органы қызметкерінің өз міндеттерін орындаудан жалтаруы қылмыстық жауаптылықты ауырлатады», – деп ескертті ведомство өкілі.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті атқару қағидаларын бұзған, азаматтарға, ғимараттарға шабуыл жасау мен мүлікті қауіпті тәсілмен жоюға қарсы шаралар қабылдамаған бастықтың әрекетсіздігі үшін жауапкершілік күшейтіледі. Ішкі істер министрлігі су тасқыны орын алған өңірлердің тұрғындарының өмірі мен денсаулықтарын қорғауға, мүліктерінің сақталуын қамтамасыз етуге арналған іс-шараларға түсіністікпен қарауға және оларға қол ұшын созуға шақырады.