10.04.2024 _ 10:10

Су тасқыны басталғалы бері 96 мыңнан астам адам құтқарылды

Оның ішінде 31 мыңнан астамы бала. Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш осындай мәліметтерді жария етті.

Оның айтуынша, тартылған әуе кемелерімен 2 823  адам, оның ішінде 865  бала құтқарылды. Уақытша орналасу пункттеріне 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала орналастырылды. 82 559 ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалды. Зардап шеккен өңірлерге 167 935 кг гуманитарлық көмек жеткізілді. Бірлескен күштермен 8,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынан су бұрылды.

Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам, 2 655 бірлік техника, 469 су сору техникасы және 139 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылды. 

«Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 444 жеке тұрғын үй, 339 аула аумағы су астында қалуда. Су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемі бақылауда тұр. Көлік қатынасынсыз қалған 69 елді мекен бақылауда», – деді спикер. 

Республикалық және жедел штабтар жұмыс істейді. ТЖМ азаматтарды су тасқыны кезінде мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.