10.04.2024 _ 14:10

Мүфтият қызметкерлері зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберіп жатыр

2024 жылдың 1 сәуір күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият қызметкерлері және облыс бас имамдарының онлайн қатысуымен су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қайырымдылық көмек көрсету жөнінде арнайы жиналыс өткізді. Су тасқыны орын алған алғашқы күннен бастап ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қоры, Жастар кеңесі мен Жастар секторының еріктілері апатты аймақтарға жұмылдырылды. «ҚМДБ «Дін мен дәстүр» бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет ОКҚ алаңында осындай мәлімдеме жасады.

«Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарына 100 тонна ұн, 860 қап ұн-жарма, 4448 литр күнбағыс майы т.б. жеткізілді. 60 «Газель» мен 13 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекке азық-түліктен өзге тұрмыстық заттар мен түрлі құралдар да енді. Яғни, жоғарыда аталған аймақтардың тұрғындарына 2993 төсеніш, 32 304 тұрмыстық зат, 5 қайық, 3 дана қайыққа арналған қозғалтқыш, 2 дана жарық генераторы, 1776 резіңке етік, 54098 құрал-сайман табысталды. Сондай-ақ 2492 адамға күнделікті ыстық тамақ берілуде. Қайырымдылық шараларына ҚМДБ-ның 1113 қызметкері атсалысып жатыр», – деді спикер. 

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қажетті заттарды сатып алу үшін басқа облыстардан қосымша 23 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.