11.04.2024 _ 15:20

Су тасқыны жағдайында оқу процесін ұйымдастыру мәселелері шешіліп жатыр

Оқу-ағарту министрлігі оқу процесін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Эвакуациялық пункттердегі балаларды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 2393 бала оқу процесін ұйымдастырумен бірге орналастырылды. Бастауыш сынып оқушылары сауықтыру орталықтарына ата-аналарымен бірге жолданады. Орта буындағы оқушылар республикалық маңыздағы инновациялық мектеп лицейлердің жатақханаларына орналастырылады. Жоғарғы сынып оқушылары уақытша колледждерге орналастырылады. Оқу ағарту министрлігі қосымша 3182  орын әзірледі. Бұл туралы ҚР ОАМ ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Балалар мен зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 400-ге жуық мектеп психологы жұмыс жасауда. Өңірлік бала құқығы жөніндегі уәкілдердің белсенді жұмысы ұйымдастырылды. Балаларды сауықтыру орталықтарына ұйымдасқан түрде тасымалдау мақсатында қауіпсіздік нұсқаулығы мен алгоритмі әзірленді. Сауықтыру орталықтарына қазіргі уақытта Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстарынан 600-ге жуық оқушы  қабылданды. Олар сапалы білім алуы үшін қажетті оқу құралдарымен, тамақтанумен, киім-кешекпен қамтылды. 

«Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің тапсырмасы бойынша су тасқынынан аса зардап шеккен өңірлердегі оқушылар ағымдағы емтихандар мен сынақтардан босатылды. Атап айтқанда, Атырау мен Ақтөбе облысындағы оқушылар үшін БЖБ мен ТЖБ алынып тасталды. Білім алушылардың білім жетістіктері мониторингінен Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан 28 мектеп босатылды. Алты өңірде мониторинг 15 сәуірден 22 сәуірге ауыстырылды. Қалған өңірлерде оқу штаттық режимде жүргізілуде», – деді спикер. 

Бүгінде 26 мыңнан астам білім беру қызметкері су тасқыны шараларына ерікті ретінде қатысуда, оның ішінде 11 мыңы эвакуациялық пункттерде жұмыс жасауда. Сондай-ақ қайырымдылық акциясына жекеменшік білім беру ұйымдары да қосылды. Олар осы сағатқа зардап шеккен әріптестеріне көмекке 12 млн теңгеден астам қаржы жинады.