11.04.2024 _ 17:40

30 жоғары оқу орны апаттан эвакуацияланған азаматтарға қолдау көрсетіп, көмектесуде

ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, 16 жоғары оқу орнының жатақханаларынан жалпы саны 3820 орын даярланып, онда 548 адам орналасты, оның 228-і мектеп жасындағы балалар. Ал резервтегі орындар саны 3272 құрайды. Одан басқа, студент жастар мен жоғары оқу орындарының қызметкерлері қатарынан 5000-нан астам волонтер көмек көрсетуде. Олар негізінен гуманитарлық көмекті үлестіру, тарату, тиеп және түсіру, сонымен қатар, бөгеттер жасау үшін қаптарға құм толтыру сияқты жұмыстарды атқаруда. 

«Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының 150-ден астам оқытушысы оқушылардың сабақтарын ұйымдастыруға дайын және жоғары оқу орындарында аудиториялар мен орындар әзірленуде», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте. 

Қажет болған жағдайда оқушы балаларды оңалту үшін олардың демалысын ұйымдастыруға өңірлердегі жоғары оқу орындары дайын екендерін жеткізді. 

«Қазір залал келген үйлерді қалпына келтіру және жаңа құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін зардап шеккен тұрғындарды жатақханаларда қалдыру үшін ондағы студенттерді қашықтан оқытуға жіберу мәселесі қаралуда», – деді ғылым және жоғары білім вице-министрі.

Қабылданған шешім туралы қосымша хабарланатын болады. Бүгінде 1 ғана жоғары оқу орнының студенттері онлайн режимге ауысқан, қалғандары оқу процесін штаттық режимде жалғастыруда.