14.04.2024 _ 14:10

Өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 2 262 әскери қызметші жұмылдырылды

Өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінен 2 262 әскери қызметші, 137 әскери техника, 4 армиялық авиация тікұшағы, 1 әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды. Армиялық авиация елді мекендерден 113 адамды эвакуациялады. 40 адам және 11 тонна жүк тасымалданды. Бұл жайлы ҚР ҚМ ресми өкілі Руслан Жангулин ОКҚ брифингінде мәлім етті. 

Атырау қаласында жергілікті жер учаскелері мен тұрғын алабының болжамды су басуын болдырмау үшін жедел штабтың шешіміне сәйкес «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 406 адамнан тұратын жеке құрамы мен 25 бірлік техникасы жұмылдырылды. Қарулы күштер жеке құрамының күшімен өткен тәулікте өзендердің, көлдердің және елді мекендердің жағасына 96 мыңнан астам құм төселді.

«Ақтөбе облысында Ойыл кенті ауданындағы паром өткелімен тәулігіне 9 паром рейсі жасалды. 70 адам эвакуацияланып, 35 бірлік көлік, 3 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Атырау облысында Махамбет кентінің периметрі бойынша, Жайық өзені арнасының бойына құм салынған қаптар төселді. Жем өзені арнасының жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. Атырау қаласына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 600 адамнан тұратын әскери қызметшілері және 36 бірлік әскери техникасы тұрғындарға көмекке келді. Ақтау авиабазасының экипажы барлау екпінді ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен Жайық өзенінің арнасындағы жергілікті жерді аэробақылау және барлау жұмыстарын жүргізді», – деді спикер.

Батыс Қазақстан облысында Қарулы күштердің әскери қызметшілері құм салынған қаптарды дайындау және төсеу, Жайық өзенінің жағалауы бойындағы бөгетті нығайту, Ақжайық ауылдық округіндегі Елек өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізді. Бәйтерек ауданының Жамбыл кентінде гуманитарлық көмекті түсіру жұмыстары жүргізілді. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Магистральный, Подстепное, Байқоныс, Заречинск, Бударин, Жаңабұлақ және Чапаев ауылдарында бөгеттер тұрғызды.

«Петропавл қаласында әскери қызметшілер қала маңындағы айналма жолды нығайту, Бескөл кенті ауданындағы бөгетті күшейту, елді мекендерден адамдарды эвакуациялау міндеттерін орындады. Есіл өзенінің шығыс жағасын нығайту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірлесіп, күзет іс-шаралары жүзеге асырылды.

Ақмола облысы Жарқайың ауданы Заречный, Далабай, Тасөткел және Тассуат ауылдарында елордалық ерекше мақсаттағы бригаданың әскери қызметшілері тіршілік ету объектілерін электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырды», – деді Р.Жангулин.

27 наурыз бен 13 сәуір аралығында Қарулы күштерден су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамның 4 959 адамы, 166 бірлік автомобиль техникасы, 5 автобус, армия авиациясының 11 тікұшағы, 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды. 421 ұшу жасалды, 2 817 адам эвакуацияланды, оның ішінде 792 бала бар. 868 адам, 148 496 келі жүк тасымалданды. 500 мыңға жуық қап құм дайындалып, төселді.