14.04.2024 _ 14:30

БҚО-да Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жалғасуда

БҚО-дағы Жайық өзеніндегі су мөлшерінің көбеюіне байланысты, ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері жергілікті құтқару жұмыстарын атқарып жатыр. Олар қаптарға құм салып, бөгеттер жасап, қауіпті жерлерді бекітіп жатыр. Бұл туралы Қарулы күштердің «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Елдос Бозғұлов ОКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады. 

«Әскери қызметшілердің дәл осы жердегі негізгі тапсырмалары: өзендердің қауіпті аймақтарында жағалауларды бекіту және оны қажетті деңгейге көтеру, су астына кету қаупі бар елді мекендердің тұрғындарын құтқару, су тасқыны болған жағдайда су ағыны бұзып кеткен жерлерді қайта қалпына келтіру, тұрғындарды құтқару, жергілікті басқару органдарымен бірлесе, көмек көрсету. Әскери қызметшілер су тасқынының алдын алу мақсатында бар күштерін салып жұмыс атқаруда. Сондықтан халықтың ешқандай зардап шекпеуіне барымызды саламыз. Қазір халықтың психологиялық күйі қалыпты. Әрі қарай жұмыс істеуге дайынбыз», – деп мәлімдеді спикер.