Республикалық эпизоотияға қарсы отряд облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинау және жою жұмыстарын жалғастыруда. Еске салайық, топырақта сібір жарасы спорасының болуына жүргізілген талдау теріс нәтиже көрсетті. Бүгінгі күні су басқан аймақтардағы эпизоотиялық жағдай тұрақты және Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында.
«Су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың хаттамасымен өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу алгоритмі бекітілді. Аталған алгоритмге сәйкес су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының барлық иелері өтемақы алуға құқылы. Меншік иесін анықтау жануардың бірдейлендіру номерін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен салыстыру жолымен және тіркелмеген жағдайда куәгерлерді тарта отырып, залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісімен анықталады», – деді спикер.
Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізілетін болады. Иелерi жергiлiктi жерлердегi залалды өтеу жөнiндегi комиссияға өтiнiш жасауы тиiс. Комиссия мүшелеріне өтемақы төлеу үшін қажетті құжаттар туралы нұсқаулықтар берілді. Барлық өтінімді жергілікті әкімдіктер құрған ресми комиссияларға ғана беру қажет. Тек бұл жағдайда ғана өтемақы төленеді. Деректер жинаумен айналысатын әртүрлі штабтарға ұсынылған ақпарат төлемдер үшін негіз болып табылмайды.
Су тасқыны кезінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, ҚР АШМ жанындағы «жедел желі» жұмыс істейтінін хабарлаймын. Жедел желі жұмысы 9.00-ден 18.30 ға дейін (7172)573358, 87470943381 нөмірлері бойынша істейді. Сонымен қатар телеграмм-бот pavodki_kz_bot іске қосылды.
«Су тасқыны бойынша жағдай тұрақталған өңірлерде өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды өтеу басталды. Атап айтқанда, Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді. Қостанай облысында бұл жұмыс басталып, бүгінгі таңда 268 мал басы бойынша төлем жүргізілді, басқа өтінімдер бойынша жұмыс жалғасуда», – деді ведомствоның ресми өкілі.
«Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясында, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларында алдағы егіс науқанына қажетті астық қоры жеткілікті. Азық-түлік корпорациясы зардап шеккен шаруаларға бөліп төлеу шартымен тұқым беруге дайын. Тұқымға қажеттілік туындаған жағдайда шаруалар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сенім телефондарына хабарласуы қажет.