Арнайы мобильдік бригадалар құрылды, олар қажет болған жағдайда уақытша орналастыру пунктеріне барады. Жүкті әйелдердің, балалардың жағдайына ерекше бақылау жүргізілуде. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қоры жеткілікті. Эвакуацияланған тұрғындардың арасында созылмалы аурулары бар 7617 адамның денсаулығы да медицина қызметкерлерінің бақылауында.
«1 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 244 дәрігер, сондай-ақ 80 психологтар уақытша орналастыру пунктерінде медициналық және медициналық-психологиялық тәулік бойы көмек көрсетуде. Маңғыстау облысында 12 эвакопункте Атырау облысынан келген 1721 адам орналастырылды. Солтүстік Қазақстан облысында Есіл ауданының су басқан аймағында 4 эвакопункт ашылды. Батыс Қазақстан облысында су басуы мүмкін ауруханалардан науқастарды, медициналық жабдықтарды эвакуациялау жоспары жасалды», – деді спикер.
Төтенше жағдай режимі жұмыс істейтін барлық өңірде 387 жүкті әйел бақылауда, 325 әйелді босандырып алынды. Су тасқыны басталғаннан бері ең көп бала Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында дүниеге келген. Эвакуациялық пунктерде 5038 бала бар, оның ішінде 62 бала стационар жағдайында көмек алады, тағы 61 бала амбулаториялық ем алады.
Су тасқыны басталғаннан бері психологиялық консультация алу үшін 1004 өтініш түсті. Бұл күндері Денсаулық сақтау министрінің орынбасарлары өңірлердегі су басқан аумақтарды аралап, эвакуациялық пунктерге барды. Онда олар медициналық көмек көрсету деңгейімен танысып, пациенттермен кездесіп, дәрілік заттардың бар-жоғын және шұғыл қызметтердің дайындығын тексеруде.
«Улану мен инфекциялық ауруларға жол бермеу үшін эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар шеңберінде барлық өңірлерде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары сумен жабдықтау көздерінің объектілеріне бақылауды күшейтті, санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын іріктеу және зерттеу жүргізуде. Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардағы орталықтандырылған көздерден 7 616 ауыз су сынамасы алынды. Эвакопункттерде жіті ішек инфекциялары, «А» вирустық гепатиті жағдайлары тіркелген жоқ. Барлық өңірлерде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің күнделікті бақылауында», – деді Ә.Оразалиева.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметі Дели-Алматы бағыты бойынша Air Astana авиакомпаниясы рейсінің бортында тіркелген әкелінген тырысқақ жағдайы ошағының сәтті жойылғандығын хабарлайды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының жедел іс-қимылдарының арқасында ел ішінде тырысқақтың таралу көзін жоюға, инфекцияны уақтылы анықтауға және оқшаулауға мүмкіндік берді. Сырқаттанған Қырғыз Республикасының азаматшасы емделуден сәтті өтіп, жақсы нәтижемен стационардан шығарылды.