Әкімдіктер зардап шеккен азаматтардың тізіміне енгізген салық төлеушілер үшін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін салықтық әкімшілендіруді реттеу тәртібі қарастырылған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов ОКҚ алаңында хабарлады.
Біріншіден, төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, барлық салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша төлеуді кейінге қалдыру ұсынылады.
«Екіншіден, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын салық есептілігін тапсыру мерзімдерін ауыстыру; үшіншіден, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету және салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдауды тоқта тұру; төртіншіден, орындау мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімін ұзарту; бесіншіден, салықтық тексерулерді (кешенді, тақырыптық, қарсы, хронометраждық зерттеп-қарау) тоқтата тұру, бұл ретте тоқтата тұру мерзімі тексеру мерзіміне және талап қою мерзіміне кірмейді», – деді спикер.
Сонымен қатар зардап шеккен адамдарға қатысты жаңадан салықтық тексеруді тоқтата тұру және тағайындау көзделген.
Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелері бойынша 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 2024 жылғы 1 шілдеге дейін өсімпұл есептелмейді.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 наурыздан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.