18.04.2024 _ 11:20

СҚО-ның зардап шеккен аймақтарына 470 тонна гуманитарлық көмек келіп түсті

Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Су тасқынының бірінші толқыны өткеннен кейін Сергеев су қоймасында толып кетудің 257 см-ге дейін төмендеуі байқалды. Екінші толқынның келуіне байланысты су деңгейі қайта көтеріліп жатыр. Қазір толып кету 278 см. Бұл деректермен ОКҚ брифингінде облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев бөлісті.

Оның айтуынша, Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласында жағдай қиын. Облыс орталығындағы «Подгора», «Кожевенный», «Заречный», «Косогор» шағын аудандарының бір бөлігі су астында қалды.

«Су тасқыны басталғаннан бері облыс бойынша 2886 үй, 2639 аула аймағы су астында қалды. 14 388 адам эвакуацияланды. Эвакопунктерде 1073 адам орналастырылған, олардың барлығы үш рет тамақтандырумен, бірінші кезекте қажетті заттармен қамтамасыз етілген. 149 отбасына біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Солтүстік Қазақстан облысына Астана, Алматы қалаларынан, Шығыс Қазақстан облысынан, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, Ақмола қалаларынан, сондай-ақ Омбы қаласының қазақ диаспорасынан 470 тонна гуманитарлық көмек келіп түсті. Гуманитарлық көмек бекітілген схемаға сәйкес қабылданады. Гуманитарлық көмекті қабылдау және беру пунктері арасындағы жұмыс жолға қойылған», – деп атап өтті спикер.

Қазіргі уақытта тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылым жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді.