18.04.2024 _ 12:30

Алматы облысынан зардап шеккен аймақтарға 230 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді

Алматы облысының 9 ауданы мен 1 қаласындағы «Күшіміз бірлікте»  волонтерлік фронт – офистері, сондай – ақ, «Amanat» партиясы, Қоғамдық келісім және даму орталығы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, «Жастар рухы», облыстың белсенді азаматтары, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктер 230 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинап, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Атырау облысына 230 тонна жеткізді. Бұл жайлы Алматы облысы волонтерлер фронт-офисінің басшысы Мақсат Кенешов ОКҚ алаңында хабарлады.

Алматы облысы атынан Батыс Қазақстан облысы Орал қаласына 15 волонтер көмекке барды. Апат болған аймақтағы ахуалды штаб өкілдерімен хабарласып, қажетті заттар жібереді. Жалпы 9 аудан, 1 қала бойынша 3 апта көлемінде 500 волонтер жұмыс атқарды. 230 тонна гуманитарлық көмекте азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, тұрмыстық техника, генераторлар, шатырлар, сөмкелер мен күректер болды.

«ҚТЖ арқылы 130 тонна жөнелтілсе, жүк көліктері арқылы  100 тонна жөнелтілді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Атырау облысына 61 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Оның ішінде: 56 тонна мұздатылған құс еті, 5 тонна макарон өнімдері. Сондай-ақ зардап шеккен аймақтарға құтқару жұмыстарына арналған 171 техника бірліктері жіберіліп, «Қазақстан халқына» және «Демеу Қазақстан» қорларына 48 млн теңге қаржылық көмек аударылды», – деді спикер.