18.04.2024 _ 14:40

Су тасқыны салдарынан азаматтардың қаза болу деректері тіркелген жоқ

Үйлер мен басқа да нысандарды су басып, дәл соның салдарынан азаматтардың қаза болу фактілері тіркелген жоқ. ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ОКҚ алаңында БАҚ-да және әлеуметтік желілерде шыққан осы мәселеге қатысты жарияланымдар бойынша мәлімдеме жасады.

«Жалпы республика бойынша көктемгі су тасқыны барысында 5 өлім фактісі тіркелді. Атырау облысында - 4 және Ақтөбе облысында - 1 факт. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар жоқ. Бұл жерде, барлық жағдайларда қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты:  бірі өз бетінше өзенді жүзіп өтпек болған; - бірі су тасқынынын кейін, яғни эвакуациядан соң қауіпті аймаққа оралуға тырысқан. Барлық фактілер бойынша тексеру басталып, тергеу жүргізілуде», – деді спикер.

Ал, Түркістан облысында мұндай фактілер мүлдем тіркелген жоқ. Бұл жерде Ақтөбе облысындағы жағдай меңзелген болатын, онда кішкентай бала таяз суға құлап кетіп, көз жұмған.

Министрліктің ресми өкілі еліміздегі су тасқыны салдарын жою шараларына да тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда тәртіп сақшылары авариялық-құтқару жұмыстары, суды сору, қап төсеу, каналдар мен арық жүйелерін нығайту, қауіп туралы ескерту және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялаумен айналысып жатыр. Ішкі істер органдарының қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. ІІМ мен өңірлік департаменттерде жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істейді. Құтқару және су тасқынына қарсы іс-шараларға 5,5 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі, сонымен қатар ІІМ оқу орындарының курсанттары қатысып жатыр.

«Полиция ведомствосының 828 техникасы жұмылдырылды. Біздің қызметкерлер 10 мың метр арықты тазартып, 590 мың қап төседі. Су басқан өңірлерде патрульдеу және кезекшілік тәулік бойы жүргізілуде. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардың ешқайсысы су басу қаупі бар аймақта қалып кетпеуі үшін елді мекендерде жаппай рейд жүргізуде. Қараусыз қалған мүлікті күзету үшін полиция су тасқынынан зардап шеккен 59 елді мекенді қоршауға алды. Қазір, ішкі істер органдарының күзетінде қараусыз қалған 11 мың тұрғын үй мен басқа да нысандар бар. Ұрлық-қарлыққа жол берілмеді. ІІМ күшімен бүгінгі күнге дейін 32 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Азаматтар 104 ірі уақытша орналастыру пунктіне орналастырылды», – деді Ш.Алекешев.

ІІМ халықты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, уәкілетті органдардың заңды талаптарын орындауға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жұмысына түсіністікпен қарауға және оларға қол ұшын созуға шақырады.