18.04.2024 _ 16:20

Ақтөбе өңірінде мал шығыны үшін өтемақы төлеуге 2,2 млрд теңге қарастырылған

Қазір Ақтөбе облысында су тасқынына қатысты жағдай тұрақты деңгейде. Облыс әкімінің төрағалығымен Жедел штаб тәулік бойы жұмыс атқаруда. Өңірде эвакуациялық пунктер мектептерде ұйымдастырылды. Бүгінде Ырғыз ауданынан басқа, барлық эвакуациялық пункт жабылды. Келтірілген залал толық өтелгенге дейін адамдар уақытша тұру орындарына көшірілген. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева  ОКҚ брифингінде хабарлады. 

Біржолғы әлеуметтік көмек төлеу жұмыстары 6 сәуірден басталды. 1 698 өтінім келіп түсті. 8-18 сәуір аралығында төлем көлемі 466,4 млн теңгеден асатын 1 438 астам өтінім өңделді.

«Қазіргі уақытта өңірдегі жұмыспен қамту бөлімдерінің жұмысы қауырт. Мамандар бір күнде 140 өтінішке дейін қабылдап, қаржыны өтініш иелерінің шоттарына аударып жатыр. Бүгінгі күнге дейін су тасқынынан зардап шеккендердің материалдық шығынын өтеу бойынша құрылған арнайы комиссия 2953 өтініш қабылдады. Оның басым бөлігі қаралып болды. 11 сәуірден бастап комиссия шешімімен 69 отбасына 143,3 млн теңге сомасында материалдық шығын өтелді», – деді спикер.

Су тасқыны салдарынан шамамен 2 451 үй зардап шекті, оның ішінде жеке тұрғын-үй құрылыстары – 1 112, саяжай үйлері – 1 339. 595 үй салу жоспарлануда. Қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жаңадан салынатын құрылыстың жер учаскелері мен мердігерлік ұйымдар анықталды. Мәселен, Қобда ауылында 57 үйдің қазығы қағылды. Қажетті құрылыс материалдары мен техникалары тасымалданды, енді құрылысшылар жұмыстарына кіріседі. 

Жалпы облыс бойынша 3 232 бас малдың қырылғаны расталды, оның 3 120-сы арнайы орындарда өртелді. Құрылған арнайы комиссияның шешімдері шығып жатыр. Комиссия қорытындысына сәйкес, мал иелеріне келтірілген залалға өтемақы төлеу ертең басталады. Бұл мақсаттарға 2,2 млрд теңге қарастырылған. Өңірде эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдай тұрақты, жұқпалы аурулардың өршуі тіркелген жоқ.

Қазіргі таңда бар-жоғы 2 елді мекенде 12 абонент электр энергиясынан ажыратылғанымен, барлық тұрғындарға дизельдік генератор арқылы тоқ берілді. Қауіпсіздік мақсатында Ырғыз ауданының бірқатар ауылында жарық өшірулі. 

Облыстағы 8 елді мекенмен жол қатынасы уақытша үзіліп тұр. Аудандық маңызы бар «Ырғыз-Нұра» бағытындағы жолында жөндеу жұмыстары жасалуда.