18.04.2024 _ 16:30

БҚО-да 102 шақырым аумақ бөгетпен қоршалды

Ресейдің Орынбор облысынан бастау алған көлемді су БҚО-на 20 сәуір күні келеді деп болжануда. Осыған байланысты, Жайық өзеніне жақын орналасқан облыстың Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласындағы қауіпті аймақтардан тұрғындар эвакуациялануда. 102 шақырым аумаққа бөгеттер орнатылды. БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен ОКҚ брифингінде су тасқынына қарсы шаралар жайында баяндады. 

«Су тасқыны басталғалы бері өңірімізде барлығы 13794 адам эвакуацияланды, оның ішінде 6 мыңға жуығы – балалар. Өңіріміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларға облысымыздан және басқа аймақтардан барлығы 10 мыңнан астам адам, 2074 техника жұмылдырылды, оның ішінде 1265 арнайы техникалар», – деді спикер.

Жағдай Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің бақылауында, ол күн сайын су басқан аумақтарға барып, жедел штабты өзі басқаруда. 

«РФ Орынбор облысындағы су деңгейі әзірге аз жылдамдықпен келе жатыр. Бүгін Жайық өзеніндегі судың деңгейі 780 см-ді құрады. Бұл әлі де күрделі жағдайды туындатып тұр. БҚО-ғы барлық стартегиялық объект барынша қорғауға алынып жатыр», – деді Е.Таткен.