Оның айтуынша, су тасқынына қарсы іс-шаралардың арқасында 19 715 адам үйлеріне оралды. ТЖ аймақтарынан жедел шаралар аясында тұрғындар мен жануарларды алдын ала эвакуациялау жүргізілді. Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 118 180 адам құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерге шығарылды.
Эвакопунктерде 8 821 адам қалды. 4 370 тұрғын үй мен 2 737 аула аумағынан су бұрылды, 10 млн текше метрден астам еріген су тартылды, 3,4 млн қапшық және 1,5 млн тоннаға жуық инертті материал төселді.
Су тасқыны қаупі бар өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу, су тасқыны салдарын жою жалғасуда.
Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 989 жеке тұрғын үй мен 1 мыңнан астам аула аумағы су астында қалған.
ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жедел желі телефонына 2 мыңға жуық қоңырау түсті.
«Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға барлығы 44 137 адам және 4 642 бірлік техника жұмылдырылды, 858 су айдау құралдары, 341 жүзу құралдары, 12 әуе кемесі, сондай-ақ еріктілер белсенді қатысады», – деп атап өтті спикер.
Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының 38 елді мекенінде жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимі қолданылады.