Жыл басынан бері Балқаш көліндегі су деңгейі 15 см-ге артып, 174 см-ге жетті. Сондай-ақ биыл трансшекаралық өзен арқылы үлкен көлемдегі су келіп түсті және Қапшағай су қоймасынан 2 текше шақырымнан астам суды Балқаш көліне жіберуге мүмкіндік туды. «Қазсушар» Батыс Қазақстан филиалы Ресейден келген 30 млн текше метр тасқын суды облыстың Қамыс-Самара көлдеріне жіберді. Соңғы 20 жылда бұл көлдерге су келген жоқ. Бұл ақпаратпен ОКҚ брифингінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Абдуалиева бөлісті.
Бұдан бөлек, «Қазсушар» мамандары соңғы жылдары кеуіп қалған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына тасқын суды жіберуге ниетті.
«Қазсушар» Батыс Қазақстан филиалы Жәнібек сорғы станциясын іске қосу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Нысан Ресей Федерациясының Волгоград облысынан БҚО-ғы Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының 9 ауылдық округінің аумағына жеткізілетін суды жібереді.
Павлодар облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Шідерті лиманды суару жүйесіне су жіберуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда 40 млн текше метр су қабылданды, 11,5 мың гектар лиман толтырылды. Егіс алқаптарына су беруді жақсарту үшін «Қазсушар» Түркістан облысы бойынша филиалы «Ханым» мемлекетаралық каналының 15 мың текше метрден астам ауданын механикалық түрде тазартты. 17 мың текше метр лай тазартылды.