26.04.2024 _ 16:20

Көлік қозғалысын реттеу шаралары қолға алынды

Су тасқыны салдарынан республикалық маңызы бар жолдардағы ақауларды жою мен көлік қозғалысын тез арада қалпына келтіру үшін шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, бөгеттерді орнату, құм салынған қапшықтарды төсеу және суды ағызуға арналған қосымша арықтар орнату сияқты алдын алу шаралары қолға алынды. Одан басқа темірбетон материалдар мен көпірлер мен құбырлардың маңайындағы жағалауларды нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ республикалық маңызы бар тасжолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сигналдық белгілер орнатылды. Бұл жайлы ҚР КМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев ОКҚ алаңында баяндады.

Осылайша, Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан «Самара – Шымкент» автожолының учаскесіндегі Ырғыз өзені арқылы өтетін көпір зақымдалған болатын. Қолға алынған жедел іс-шаралардың нәтижесінде 30 наурыз күні бір тәулік ішінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, көпір арқылы қозғалыс қайта жандандырылды. 

«Сонымен қатар Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі төнген кезеңде «Қандыағаш – Шалқар» тас жолының 72 және 86 шақырымында қосымша су өткізу құбырларын орнатудың нәтижесінде өткел қалпына келтіріліп, жол бойындағы үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етті.  Атырау облысында Құлсары қаласының маңында «Доссор – Бейнеу – Ақтау» автожолының 101-103, 119-120 шақырымында жол төсемі тасқын судың салдарынан шайылып кеткен болатын. Су деңгейі төмендегенде жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жолдағы қозғалыс жанданды», – деді спикер.

Айта кетерлігі, су тасқыны кезеңінің салдарын барынша азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұзындығы 70 метрді құрайтын 9 учаскеде жол төсемін мәжбүрлі түрде бұзу бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталаған жұмыстар Қарағанды облысындағы «Бастау – Ақтау – Теміртау» автомобиль жолының 25 шақырымы, Павлодар облысындағы «Атамекен – Ертіс – Русская поляна» автомобиль жолының 2 учаскесінде, Қостанай облысындағы «Денисовка – Аршалы – Комаровка» автомобиль жолының бір учаскесінде іске асырылды.

Солтүстік Қазақстан облысында да 5 жол төсемінде мәжбүрлі түрде жол төсемін бұзу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Жезқазған – Петропавл» автожолының 706 және 872 шақырымындағы екі учаскесінде, «Булаево – Возвышенка – Қиялы – Рощинское» 208 шақырым автожолында, сонымен бірге «Рощинское – Корнеевка – Волошинка» 14 шақырым және «Волошинка – Сергеевка – Тимирязево» 2 шақырым автожолында сәйкес жұмыстар жүргізілді.

Жедел іс-әрекеттің нәтижесінде жолдардың басым бөлігі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда «Жезқазған – Петропавл» тас жолының 872 шақырымындағы Амангелді және Покровка ауылдары арасындағы учаскесінде жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстың барлық түрі жолдарды күтіп-ұстауға бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылуда.