30.04.2024 _ 12:10

Полицейлер қараусыз қалған 10 мыңнан астам үй мен нысанды күзетіп отыр

Ішкі істер министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен халыққа су тасқыны салдарын жоюға жәрдем беруді жалғастыруда. Су тасқыны қиын өңірлерде азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтық тәртіпті және қараусыз қалған мүлікті қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Бір айдан бері тәртіп сақшылары күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруды жалғастыруда. Құтқару жұмыстарына және су тасқынына қарсы іс-шараларға 3,6 мыңнан астам қызметкерлер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ ІІМ оқу орындарының курсанттары қатысты. Осындай жұмыстарға 590 бірлік қызметтік техника жұмылдырылды. Бұл туралы  ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ОКҚ брифингінде хабарлады.

Ішкі істер органдарының қызметкерлері ТЖМ мен жергілікті органдарға арықтарды тазартуға көмектеседі. Барлығы 10 мың метр арық тазартылды. 980 мыңнан астам қап төселген. Бүгінгі күні 32 мың адам эвакуацияланды. Су басу аймақтарынан патрульдік экипаждар 6 мың бірлік автокөлікті алып жүрді. Су басқан өңірлерде патрульдеу және кезекшілік тәулік бойы жүреді. 

Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардың ешқайсысы ықтимал су басу аймағында қалмауы үшін кенттер бойынша жаппай рейдтер жүргізуде. Қараусыз қалған мүлікті қорғау үшін полиция 54 елді мекенді қоршауға алды. Қазір полицияның қорғауында 10 416 қараусыз қалған тұрғын үйлер мен басқа да нысандар бар. 

Азаматтарды құтқару кезінде қатардағы жауынгерден бастап полковникке дейін полиция қызметкерлері батылдық танытқанын атап өткен жөн. 

«Мысалға, СҚО-да полицейлер 2 жігітті су тасқынынан құтқарды. Петропавл маңындағы Кожевенный кентіне су  жылдам келді. Елді мекенде халықты эвакуациялаумен айналысып жүрген полиция қызметкерлері ауылдан соңғы болып шығып жатқан. Барлық азаматтық және бағыныштылардың апат орнынан кеткеніне көз жеткізу үшін Петропавл полициясының бастығы Марат Жұмалиев, облыстық департамент бастығының орынбасарлары Асқар Мұхаметқалиев пен Айдос Ыдырысов КАМАЗ-бен ауылды тағы бір айналып өтуге шешім қабылдады. Олар алыстан судың қатты ағымынынан шыға алмай жатқан екі адамды байқап, оларға қарай бет алды. Сол кезде ауылдағы су деңгейі 1,5 метрге жетті. Оларға жақындаған полицейлер мұзды суға беліне дейін түсіп, кабинаға сүйреп апарды. Қолдарында мысығы болған ағайынды Юрий мен Николай Закатыриндер құтқарылды, олардың қолдары суықтан тартылып қалған», – деді спикер.

Сондай-ақ өзенге жақын Орал қаласының саяжайларында тұрғызылып жатқан бөгеттің бұзылуына байланысты ер адамды ағынмен алып кеткен кезде апаттық-құтқару жұмыстарына тартылған Орал полицейі Әміржан Бірлесов мұзды суға түсіп, ер адамды құтқарды. Оларға Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен азаматтар шығуға көмектесті. Учаскелік полиция қызметкері ер адам мен ұлын саяжайдан шығарып, байланған итті құтқарды. Су басу аймағына жіберілген Ақтөбе учаскелік полиция инспекторы Нұрхат Сәлімгереев қалғандарын іздеп, қатты су басқан «Новостройка-2» саяжай алабында қайықпен жүзіп өтті.

Су басқан үйлердің бірінен адамдарды тапқаннан кейін, ол ер адам мен оның ұлын арқасына алып шықты. Полиция қызметкері сондай-ақ аулада байланған итті де құтқарды. Ол эвакуацияланғандардың мүлкін сақтау үшін су басқан құрылыстарды күзетуді жалғастыруда. Ақтөбе облысының Талдысай ауылын су басу қаупі туындаған кезде полицейлер кентті аралап, тұрғындарды эвакуациялық пунктерге тасымалдай бастады. 

«Кейбір ауыл тұрғындары бас тартып, үйлерінде қалды. Олардың қауіпсіздігіне алаңдаған учаскелік полиция инспекторы Дархан Кемелтаев таң атқанға дейін ауылда кезекшілік етті.Таңертең су күрт көтеріле бастап, ауылға кірді. Ауылдағы ірі мұз блоктары мен су тасқынынан жарық сөніп қалды. Көшелер су астында қалғандықтан, Дархан артқы аулалардан секіріп өтіп, ұйықтап жатқан адамдарды оятып, үйден өздігінен шыға алмағандарға көмектесе бастады. Ол өзінің әріптесі Айбек Алтынбаевпен бірге қалған тұрғындарды су басу аймағынан шығарып, эвакуациялық пунктке жеткізді», – деді Ш.Алекешев.