30.04.2024 _ 14:31

Атырау облысының 2,3 мың тұрғыны кредиттік төлемдерін кейінге шегеру туралы өтініш берді

Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда. 2,8 млн текше метр су тартылды, өткен тәулікте 56 үй, 4 кәсіпкерлік объектісі, 92 үй газбен жабдықтауға қосылды. ОКҚ брифингінде сөз сөйлеген Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев зардап шеккен халықты қолдау шаралары туралы айтты.

«Су тасқыны кезеңінде қырылған мал құнын өтеу бойынша өтінімдерді тіркеу жалғасуда. Соңғы 4 күнде шаруа қожалықтарынан 74 өтініш қабылданды. 29 - сәуірдегі жағдай бойынша 3878 өтініш қабылданып, зардап шеккен 3600 отбасына біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Әкімдік тұрғындарды несиелерді төлеуді кейінге шегеруді тіркейді. Екінші деңгейлі банктерге жіберілетін 2395 адамның деректері тіркелді», - деді спикер.

Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия 2962 өтініш қабылдады, 600-ден астам үйге техникалық тексеру жүргізілді.

Атырауды үлкен судан қорғау жұмыстарына 12,5 мың адам және 200-ге жуық техника жұмылдырылды. Гидрологиялық деректер бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі тәулігіне орта есеппен 4-тен 25 см-ге дейін көтерілді. Бөгеттің құрылысы 97,5%-ға аяқталды.