30.04.2024 _ 17:55

Су тасқыны: 119 мыңға жуық адам құтқарылып, эвакуацияланды

Оның ішінде 45 мыңға жуығы бала. Бұл туралы ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов «Біз біргеміз» жалпыұлттық телемарафоны барысында мәлімдеді. 

«Біздің құтқарушылар ең бірінші мүмкіндігі шектеулі адамдарды, үлкен кісілерді, балаларды құтқарып, қандай қиын жағдай болмасын, күн демей, түн демей ауа райы жағдайына қарамай осы жұмыстың барлығын абыроймен атқарды», - деді министр. 

Эвакуациялық пункттерде 6,5 мыңға жуық адам бар, соның 3 мыңға жуығы бала, эвакуация басталғалы бері 40 мыңға жуық адам өз үйлеріне оралды. 

«Президенттің бұйрығымен мемлекеттік материалдық резервтен арнайы техника шығарылды. Соның арқасында жедел режимде су шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Ш.Әрінов.