02.05.2024 _ 16:19

Атырау өңірінде бөгеттер салу жұмысы аяқталуға жақын

Атырау облысында су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілген режимде атқарылуда. Исатай және Махамбет аудандарындағы жалпы ұзындығы 143 шақырымды құрайтын қорғау бөгеттерін салу жұмыстары толығымен аяқталып жатыр. Атырау қаласында, Индер ауданында нығайту жұмыстары жалғасуда. Жайық өзеніне аэровизуалдық мониторинг жүргізілді. Құлсары қаласында су басқан аймақтарда еріген қар суының бағытын бұру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында хабарлады.

«Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы, Жетісу және алматы облыстарынан көмекке барған Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдарының бір бөлігі орналасу орындарына қайтарылуда. Қорғаныс министрлігі күштерінің бір бөлігі, Төтенше жағдай министрлігінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы жалпы ауданы 36,2 га су басқан аумақтарды дезинфекциялау жүргізіп жатыр», – деді спикер.

Жалпы республика бойынша 43 658 адам өз үйлеріне оралды. 6 032 адам эвакуациялау пунктерінде. 7763 тұрғын үй және 2844 аула аумағында судың бағыты бұрылып, суы сорылды. Бұл жұмыстарға 14 мыңнан астам адам, 1533 техника, 233 су сору құралы, 106 жүзу құралы, 5 әуе кемесі жұмылдырылды. ШҚО-да жаңбырға байланысты су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілуде.