15.05.2024 _ 17:25

5-8, 10-сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихан тапсырады

Биыл 22 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары оқу жылын аяқтайды. Бұл ұйымдарда осы оқу жылында 5 миллионнан астам бала білім мен тәрбие алды. 341 мыңнан астам түлек 9-сыныпты аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. Бұл туралы оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья  Жұмаділдаева ОКҚ алаңында мәлімдеді. 

Оның айтуынша, 11-сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітіреді. ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 2024 жылдың 25 мамырында аяқталады. 24 мамырда республиканың барлық мектебінде 1-10 сыныптар оқушыларына «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Сынып сағатының мақсаты: балаларды жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу.

«Сондай-ақ 25 мамыр күні мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында өткізіледі. Салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері анықтайды. Бастауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Ал 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар өткізіледі. Емтихандар аяқталған соң олар да жазғы демалысқа шығады», – деді спикер.

Биыл алғашқы рет білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында 5-8, 10 - сыныптар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихандар өткізіледі.