Халықаралық тіркеуді қоса алғанда тауар белгілерін, өнеркәсіптік меншік объектілеріне берілген қорғау құжаттарының саны 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында 4,5 мыңнан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда төрттен бірге артық. Бұл Қазақстан аумағында зияткерлік меншік объектілерін қорғауды қамтамасыз етуге ниет білдірген отандық бизнес, халықаралық қоғамдастықтың белсенділігін куәландырады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова мәлімдеді.
Спикер 2022 жылы Қазақстанда зияткерлік меншіктің жаңа объектісі – «географиялық көрсеткіш» енгізілгенін атап өтті - ол тауарлардың сапасын өндірілген жеріне байланысты ажыратуға арналған. Былтыр 5, биыл 1 географиялық көрсеткіш тіркелді.
«Әділет органдары құқық иеленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты үлкен жұмыс атқарып жатыр. Аумақтық әділет органдары құқық иеленушілердің өтініштері негізінде басқа біреудің тауар белгісін заңсыз пайдалану фактілері бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін тексереді. Тексеріс нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама 51 рет бұзылғаны анықталды. Барлық бұзушылық бойынша әкімшілік істер қозғалып, сотқа жіберілді. 11 іс бойынша 41 субъект жауапқа тартылды. Азаматтық айналымнан 81 мыңнан астам контрафактілік өнім алынды», - деді спикер.
Азаматтық айналымнан шығарылатын контрафактілік өнімдердің тізімі кең. Мұнда тұрмыстық заттар, киім-кешек, тұрмыстық химия, автомобильдерге арналған қосалқы бөлшектер, гаджеттердің барлық түрі, тіпті тамақ өнімдері де бар. Мысалы, сәуір айында Шымкент қаласының аумағында «Henkel AG & Co. KgaA» компаниясының «METYLAN» тауар белгісін заңсыз пайдалану дерегі анықталды. Тұсқағаз желімі сатылымнан алынды. Кінәлі адам жауапқа тартылды.
Қазақстан бір жыл ішінде Жаһандық инновациялық индекс рейтингінде өз позициясын жақсартты. Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің тобында Қазақстан Үндістан мен Ираннан кейін 3-ші орында тұр.