28.05.2024 _ 12:00

Толық ақпараттың болмауы тұтынушылар құқығының бұзылуына әкеп соғады

Саладағы қоғамдық бірлестіктердің көмегіне күніне кем дегенде 1-2 тұтынушы арызбен келіп, жүгінеді. Ел бойынша жылына шамамен 6 мыңнан астам арыз шешімін тауып жатады. Арыздар, көбінесе, тұрмыстық құралдардың бөлшек саудасы, тұрмыстық қызметтер және жұмыстарды өндіру бойынша түседі. Бұл туралы «Ғасыр сапасы» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Жанна Төлегенова ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, тұтынушылар электронды маркетплейстердің жұмысына қатысты сұрақтармен көп хабарласады. Өйткені бұл алаңдарда тұтынушылардың құқықтары қорғалмаған. Маркетплейстерде тауар туралы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде көрсетілмеген. 

«Сатушының мекенжайы мен жұмыс кестесі туралы ақпарат жоқ. Тұтынушыларды қорғау заңының 25-бабы бойынша бұл ақпарат көзделген. Электронды сауда мракетплейстері оны қолданбай жатыр. Электронды сауданың бұлай атқарылуы болмайды және оған мүмкіндік бермеу керек. Тұтынушылардың құқықтары толық ақапарат болмағаннан бұзылып жатыр», – деді спикер.