Мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту елдің экономикалық өсуінің негізі болып табылады. Энергетика министрлігі осы бағытта кешенді жұмыс жүргізуде. Оның ішінде 2029 жылға дейін құны шамамен $14,3 млрд болатын 5 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
«Осы жобаларды іске асыру экономиканың жыл сайынғы өсімін 1,5%-ға арттыруға, сондай-ақ 20 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде құрылыс кезеңінде 17 мың және пайдалануға берілген соң 3 мың жұмыс орны құрылады», –деді энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында.
Биылғы жылдың өзінде қуаттылығы 340 мың тоннаға дейінгі бутадиен және оның туындыларын өндіретін жобаның құрылысы басталады. Сондай-ақ қуаттылығы 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіру бойынша ел тарихындағы ең ірі жобалардың біріне инвестиция салу туралы шешім қабылданады.