Біздегі нарықтық экономиканы толығымен «нарықтық» деп айтуға болмайды. Экономикада мемлекеттік ықпал, мемлекеттік көмек, субсидиялау, бақыланбайтын рұқсаттар, лицензиялар жеткілікті. Мемлекет әлі де көп нәрсені реттеуге тырысады, мысалы, кәсіпкерлік қызмет бостандығы, жеке меншікті қорғау мәселелеріне қатысты сұрақтар бар. Бұл мәселелерді экономиканы ырықтандыру туралы Жарлық арқылы шешу алғашқы қадам болып табылады. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев осылай дейді.
«Қозғап отырған мәселелердің 80%-ы - Бәсекелестікті қорғау агенттігіне қатысты. Бұл да жақсы, өйткені бізде соңғы уақытқа дейін елде монополияға қарсы қатаң реттеу болған жоқ. Бұл Жарлық үлкен өзгерістерге әкеледі деп үміттенемін. Жекешелендіру қажет, мемлекет кәсіпкерлік қызметпен айналыспауы керек, өйткені мұндай бастамалар бос жобалар мен шағын нәтижелерге әкеледі. Оның мемлекеттік сатып алуларға қатыспағаны дұрыс деп санаймын. Мемлекет қатысушы емес, нарықты реттеуші ретінде мықты болуы керек. Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсені құру және осы мәселелерді жоғары экономикалық кеңес деңгейіне шығару - өте дұрыс шешім», – деп сарапшы өз пікірімен бөлісті.